Алматыда триатлоннан ашық біріншілік өткізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда үстіміздегі жылдың 20-шы желтоқсанында триатлоннан «Indoor Триатлон 2015» ашық біріншілігі өткізіледі. Оған қатысушылар 500 метрлік қашықтыққа суда жүзеді, 20 шақырымға велосипедпен жарысады және 5 шақырымға жүгіріп жарысады.

Алматыда триатлоннан ашық біріншілік өткізіледі

Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған чемпионат бұл жолы жабық залда өтеді. Жарыстың барлық үш кезеңі үзіліссіз, бірінен-соң бірі өткізілетін болады. Оған барлығы 50 адам қатысады деп күтілуде. Биылғы бірішілікке қырғызстандық спортшылар қатысуға ниет білдіріп отыр.

«Триатлон Қазақстанда барған сайын танымал бола түсуде. Бұл өте төзімді адамдарға арналған спорт түрі. Триатлонда сенің велосипедші, желаяқ немесе жүзгіш екенің маңызды емес. Бұл жерде сен триатлетсің. Яғни, жеңіске жетуің үшін үшеуінде бірдей үздік болуың керек», - деді «World Class Almaty» фитнес-клубының директоры Салтанат Қазыбаева.

Жарысқа қатысушылар үш топқа бөлініп жарысады. Олар 18-30, 31-40 және 41-50 жас санаттары бойынша бақ сынасады. Жеңімпаздар ерлер мен әйелдер арасында жас ерекшеліктеріне байланысты жіктелген топтар бойынша абсолютті біріншілікте анықталады.

Жарыс 20 желтоқсан күні таңғы сағат 09:00-де «World Class Almaty» фитнес-клубында басталады.

Бііншілікті ұйымдастырушы ұйымдар - «World Class Almaty» фитнес-клубы мен Алматы Марафоны.