Алматыда триатлоннан ашық біріншіліктің жеңімпаздары анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда триатлоннан өткен «Indoor Триатлон-2015» ашық біріншілігінің жеңімпаздары белгілі болды. Оған қатысушылар 500 метрлік қашықтыққа суда жүзіп, 20 шақырымға велосипедпен жарысып, 5 шақырымға жүгіріп бақ сынасты.

Алматыда триатлоннан ашық біріншіліктің жеңімпаздары анықталды

Көпсайыстан әлем Кубогының екі дүркін қола жүлдегері (1995 және 1997 жж.), көпсайыстан Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, көпсайыстан және триатлоннан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Павел Артюшенко жарыстың бас төрешісі болды.

Сондай-ақ бәсекелерге қатысушы әрбір спортшыға бір-бір төрешіден бекітілді.

Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған чемпионат бұл жолы жабық залда өтті. Жарыстың барлық үш кезеңі үзіліссіз, бірінен соң бірі өткізілді. Оған 13 адамнан үш топқа бөлінген барлығы 39 адам қатысты.

Бірінші топ барлық қашықтықта жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Екінші топта қырғызстандық триатлеттер де өнер көрсетті. Үшінші топта қыздар мен триатлон мектептерінің мүшелері қатысты. Сонымен, 18-30 жас аралығы бойынша Роман Шабельянов, 31-40 жас аралығында Бақтияр Мамыров, 41-50 жас аралығында Дәурен Блиев және 51 жастан жоғарылар арасында 68 жастағы Марат Балтабаев чемпион атанды.

Күміс медальға ие болғандар: 18-30 жас аралығы бойынша - Дәрмен Құсманов, 31-40 жас аралығы бойынша - Юрий Лавринов, 41-50 жас аралығы бойынша - Сергей Незабудей.

Қола медальдарды 18-30 жас аралығы бойынша Әлишер Қожаназаров, 31-40 жас аралығы бойынша Нұрбек Жұмабеков және 41-50 жас аралығы бойынша Константин Дудин иеленді.

«Триатлон болжап болмайтын спорт түрі. Суда жүзіп есе жіберіп алсаң, велосипедпен жарысу арқылы қайтадан көш басына шығуға болады. Сондықтан мұнда спорттың үш түрін өте жақсы меңгеру қажет. Бұл тек төзімді адамдарға арналған спорт түрі. Бүгінгі жарысқа әр түрлі жастағы әуесқой және кәсіпқой триатлоншылар қатысты», - деді «World Class Almaty» фитнес-клубының директоры Салтанат Қазыбаева.