Алматыда триатлоннан әуесқойлар арасында турнир өтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстан бойынша тұңғыш рет триатлоннан әуесқойлар арасында жабық ғимаратта «Almaty Indoor Triathlon 2015» атты республикалық турнир өтеді.
Қазақстанның әуесқой триатлон бойынша Федерациясының президенті Мұратхан Токмадидің айтуынша, бұл жарыста жүзден астам адам спорттың үш түрі бойынша, яғни суда жүзу (500 м), жүгіру (3 шақ.) және веложарыс (10 шақ.) бойынша үзіліссіз жарысатын болады.
«Қазіргі таңда триатлоннан жарыстар бүкіл әлемде танымал болып келеді. Мұндай жарыстарды өткізудегі басты мақсат - саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту», - деді М. Токмади.
Триатлоннан Дүниежүзілік триатлон корпорациясының Ironman жүлдесін иеленген Әнел Сыдықованың айтуынша, тритлон бойынша жарыстар туризмді дамытуға да септігін тигізеді. Өйткені, оған қатысуға және тамашалауға мыңдаған адам келеді. «Триатлонмен айналысу көп шығынды талап етпейді. Ең бастысы ынта-ықылас болса жеткілікті. Мен өзім үш баланың анасымен. Кәсіпқой спортшы да емеспін. Бірақ триатлонмен айналысу маған ерекше ұнайды. Өйткені, өзіңді жеңу, қиындықтарға шыдай білу - жаныңа қашанда ерекше сергектік сыйлайды. Сондықтан, барша жұртшылықты саламатты өмір салтын ұстануға шақырамын» - деді ол.