Алматыда туберкулез диспансерінің дәрігерлері балаларды шипажайларға заңсыз жіберіп отырған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы қалалық туберкулез диспансерінің дәрігерлері балаларды туберкулезге қарсы шипажайларға заңсыз жіберіп отырған.
Бұл туралы бүгін Алматы қаласы прокурорының баспасөз қызметінен хабарлады.
Балаларды шипажай типтес мамандандырылған мекемелерге жіберудің заңдылық жақтарын тексеру барысында бірқатар келеңсіз жайттар анықталды. Прокуратура деректері бойынша, 16 лауазымды тұлға білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларды бұзғандары үшін жауапкершілікке тартылды. 16 адамның екеуі жемқорлық сипаттағы заңбұзушылық әрекеттерге барған.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Туберкулезге қарсы ұйымдардың қызметі туралы ережені бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Алматы туберкулез диспансері науқастарды туберкулезге қарсы мамандандырылған шипажайларға, ал балаларды шипажай типтес мектепке дейінгі және мектептік мекемелерге жіберумен айналысады. Алайда, тексеру барысында тубдиспансердің бұрмалаушылық әрекеттер жасап, балалардың медициналық кітапшаларына олардың туберкулезбен ауыратын балалармен байланыстары туралы жалған мағлұматтар енгізіп, балаларды шипажайларға заңсыз жіберіп отырғандығы анықталды.
Сондай-ақ, тубдиспансердің фтизиатор-дәрігерлері және балаларды іріктеу комиссиясы жекелеген тұлғаларға заңсыз басымдық берген. Осыған байланысты қалалық прокуратура заңбұзушылықтарды жою үшін Алматы денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс енгізді.
«Прокурорлық тексеру жүргізудің нәтижесінде, ҚР «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына сәйкес, Алматы қалалық туберкулез диспансерінің балалар бөлімінің меңгерушісі жұмыстан босатылды. Және қаладағы ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің балалар бөлімінің меңгерушісі ескерту ретінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды» - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.