Алматыда туғаннан асқазан-ішек жолында ақауы бар 3 жасар балаға өте күрделі ота жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы өңеш атрезиясы диагнозымен, яғни туғаннан асқазан-ішек жолында ақауы бар 3 жасар пациентке өңеш пластикасы бойынша өте күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда туғаннан асқазан-ішек жолында ақауы бар 3 жасар балаға өте күрделі ота жасалды

Орталықтың мәліметінше, бұрын бала өздігінен тамақтана алмайтын, ол асқазандағы арнайы түтікшемен ас ішетін.

Операция нәтижесінде баланың туғаннан тамақ өтпейтін өңеші асқазанға жалғанды. Ота 5 сағатқа созылған. Енді өңештің қызметін асқазанның бір бөлігі атқарады және бала өзі тамақтана алады.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Ахпаров туа біткен ас қорыту жолы ақауларын хирургиялық жолмен түзету саласында тәжірибесі мол.

Бүгінде баланың жағдайы жақсы, ол реанимациядан бөлімшеге ауысты, өзі тамақтанады.

Жыл сайын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына өңірлерден келген 300-ден астам балаға туа біткен ас қорыту органдары ақауы бойынша операция жасалады. Шетелдік мамандардың көмегінсіз өңешті ауыстыру операциясы Қазақстанда тек осы орталықта жасалады, жылына орта есеппен осындай 6-7 операцияға түрлі әдістеме қолданылады.

«Бала біткенде ұрықтың дамуына түрлі фактор әсер етуі мүмкін, соның салдарынан нәресте ауру болып туады. Сондықтан, ана денсаулығын күту, жүкті әйелдерді уақтылы есепке алу және оларды үнемі динамикалық бақылау өте маңызды», делінген хабарламада.