Алматыда тұмауға қарсы вакцинаның 200 мыңнан астам дозасы сатып алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тұмауға қарсы жаппай егу басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда тұмауға қарсы вакцинаның 200 мыңнан астам дозасы сатып алынды

Тегін вакцина бірінші кезекте қарттар мен жүкті әйелдерге, диспансерлерде ем қабылдайтын жандарға беріледі. Сондай-ақ балалар үйі мен мектеп-интернаттарына да тегін таратылады.

Оның айтуынша, биыл жергілікті бюджет есебінен 130 мың доза ресейлік «Гриппол плюс» вакцина сатып алынды, қосымша тағы 80 мың екпе жеткізіледі. Барлығы - 210 мың доза.

«22 қыркүйектегі жағдай бойынша Алматыда 65 067 адам тұмауға қарсы егілді, бұл қала тұрғындарының жалпы санының 3,0%-ын құрайды. Оның ішінде 16 045 медицина қызметкері, 5 448 жиі ауыратын және диспансерлік есепте тұрған балалар, 2 828 жүкті әйел, 2 313 жабық мекемелер контингенті (қарттар үйі мен балалар үйі), 5 445 мектеп оқушысы, 25 203 созылмалы ауруы бар ересектер. Жекеменшік медициналық орталықтарда ақылы негізде 14 адам вакцина салдырды»,- деді спикер.

Спикердің сөзінше, Алматыда ЖРВИ, тұмаумен ауыратындарға медициналық көмек көрсету үшін 142 автокөлік бөлінді. Сондай-ақ, ауруханаларда науқастарды емдеу үшін 444 орын қосымша бөлініп отыр.

Эпидемиологиялық маусымда тұмауға қарсы екпе салатын жекеменшік алты медицина ұйымы қызмет көрсетеді.