Алматыда түн жарымында жарысқан 36 жүргізуші ұсталды
АЛМАТЫ. Қазақпарат – Өткен демалыс күндері Алматы жолдарында жарыс ұйымдастырған 36 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушілер көліктеріне өзгеріс енгізіп, тыйым салынған жабдықты, оның ішінде түнде қатты дыбыс шығаратын резонаторларды орнатқан.
«Бұл көліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Ал олардың иелеріне қатысты ҚР ӘҚбК-нің 590-бабы 5-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық негізінде әкімшілік хаттама жасалды. Сонымен қатар, өткен мереке және демалыс күндері мас күйінде көлік жүргізген 10 жүргізуші ұсталды. Тағы көлік айдау құқығынан айырылған екі жүргізуші анықталды. Алдыңғы әйнектері қараңғыланған 76 автокөлік, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген төрт көлік анықталып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоқ 23 көлік ұсталды»,- деді Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Жол жүру ережесін бұзған барлық жүргізушіге тиісті шара қолданылды.