Алматыда Тұңғыш Президент күніне орай ұлттық спорт түрлері бойынша жарыс өтті

«Тұңғыш Президент күні қазір жалпы ұлттық сипатқа ие болды. Осы игі мерекеге орай, Алматы Мемлекеттік бизнес-колледжінің спорт залында жасөспірімдер арасында арқан тарту, жал тартыс, тұмақ ұру, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату, қолкүрес және т.б. түрлі қызықты ойындар бойынша жарыс ұйымдастырылды. Ондағы басты мақсат - жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау және олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді дамыту», деді осы шараны ұйымдастырушы Алматы қаласының Алмалы аудандық әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақсұңқар Әбілтаева. Жарыстардың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Алматы Мемлекеттік бизнесс колледжі бірінші орында жеңіп алды. Екінші және үшінші орындар Профессор Рузуддиновтың стоматологиялық колледжі мен Алматы Мемлекеттік медициналық колледжінің еншісіне тиді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және мақтау грамоталарымен марапатталды Айта кетелік, аталған шараны өткізуге «Нұр Отан» ХДП Алмалы ауданы бойынша филиалы, Алматы қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, Алматы қаласы әкімдігі Спорт және дене шынықтыру басқармасы жанындағы «Ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру, дене шынықтыру» клубы қолдау көрсеткен.