Алматыда тұңғыш рет «Алатау» шеберлер орталығы ашылады

Атлетикалық ауылда өтетін Наурыз мейрамы аясында Алматы қаласында тұңғыш рет Шеберлер орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шеберлер орталығы еліміздің мәдени мұрасын сақтау, дамыту және насихаттау, шеберлер қауымының мәртебесін және өмір сүру деңгейін жоғарылату, шығармашылық дамуына қолдау көрсету, жастарды қолөнерге баулу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Аталған орталықта қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының салт-дәстүрлері мен қолөнер шеберлігінің түрлері жан-жақты таныстырылатын болады.
«Келушілерге ағаштан, теріден, былғарыдан, темірден, керамикадан, киізден әр түрлі қолөнер бұйымдарын жасау, мәселен ұлттық музыкалық аспаптар, зергерлік бұйымдар жасау, кесте тігу, ағаш ою, тоқыма тоқу сияқты дәстүрлі қолөнер шеберлігі ұсынылып, сондай-ақ олардың осы заманға сай дамуы көрсетілетін болады. Сондай-ақ, орталыққа келген қонақтар дәстүрлі қол өнердің барлық түрінен шеберлік сыныптарға қатысып, қолөнер шеберлігінің негіздерін білуге мүмкіндік алады. Шеберлік сыныптары аясында әр шебер өзі меңгерген өнерді көрсетіп қана қоймай, қолөнер шеберлігінің пайда болуы, мән-мағынасы, жасалу техникаларының ерекшеліктері туралы мағлұмат беретін болады», делінген хабарламада.
Шара аясында Алматы қаласының ең үздік қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынады. Орталық жыл бойы жұмыс жасамақ.