Алматыда тұңғыш рет церебралды сал ауруымен туған 18 жастағы науқасқа ота жасалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы қаласындағы орталық клиникалық аурухана дәрігерлері тұңғыш рет сал ауруына шалдыққан науқасқа бірегей ота жасады. Селективті ризотомия деп аталатын ота 18 жастағы жігітке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүргізілді. Бұл туралы МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда тұңғыш рет церебралды сал ауруымен туған 18 жастағы науқасқа ота жасалды

«Нейрохирургтен зергерге тән шеберлікті қажет ететін күрделі операция 6 сағатқа созылды. Ота барысында біз микроскоп арқылы нейромониторинг жасап отырдық. Нәтижесінде белгілі бір бұлшық еттердің жұмысына жауап беретін жүйке жүйелерінде ақау бары анықталды. Былайша айтқанда, бұлшық еттерді құрсап, пациенттің жүріп-тұруын қиындатқан жүйке талшықтары алынып тасталды», - дейді ОҚКА Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматов.

Селективті дорсалды ризотомия – церебралды сал ауруымен туған науқастардың құрысқан бұлшық етін жұмсартып, қимыл-қозғалысты реттеуге арналған операция. Ота барысында дәрігер жұлынның төменгі бөлігіндегі сенсорлық қабықшаларды ішінара алып тастайды. Бұл аяқ-қолдың құрысуын азайтып, науқастың жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ота балалық шақта жасалуы қажет. Бұл сал ауруымен ауыратын пациенттің қимыл-қозғалысын жеңілдетіп, жүрісін қалыпқа келтірер еді. Алайда пациент мамандар көмегіне 18 жасқа толғаннан кейін ғана жүгінген. Осы жасқа дейін қимыл-қозғалыс шектелуінен зардап шегіп келген жас жігіт қазір өз бетінше жүріп-тұрады. Бүгінде ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

«Кейін пациент реабилитациядан өтуі тиіс. Операция сәтті өтті. Дегенмен, оның нәтижесін күшейту үшін ұзақ уақыт медициналық оңалтудан өту қажет», - дейді маман.

Операцияны орталық клиникалық аурухана нейрохирургі Марат Алматов, №2 қалалық балалар ауруханасы нейрохирургі Азамат Жайылғанов пен невролог-нейрофизиолог Гүлнұр Қасенова жасады.

Айта кетсек, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының бюджеті едәуір артты. Биыл салаға 243,5 млрд теңге қарастырылған, бұл – былтырғы бюджеттен 17,3 процент артық. Оның 136,4 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне, 107,1 млрд теңгесі – МӘМС пакетіне тиесілі.