Алматыда тұңғыш рет І Республикалық жас мұрағатшылар байқауы басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Мұрағатының ұйымдастыруымен мемлекеттік мұрағаттар арасында І Республикалық жас мұрағатшылар байқауы басталды.
Оған Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының мемлекеттік мұрағаттарының, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының, Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатының, Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының командалары қатысуда. Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров өткен тарихты саралап, оған керекті зертетулер жүргізіп, оларды болашақтың пайдасына ұсынып отыру - мұрағатшылардың негізгі міндеті екендігін айта келе, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - мұрағат саласында қызмет істеп жүрген жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, отанға деген патриоттық көзқарасын, іс жүргізуде ұйымдастырушылық қабілетін арттыру. Сондай-ақ, мұрағат саласының қоғамға, мемлекетке қаншалықты қажеттігін көрсету, оны дәріптеу және осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін насихаттау. Осы арқылы жастардың мұрағат қызметіне деген қызығушылығын ояту. Өйткені, мына нарық аясында мұрағатшылардың туын төмен түсірмей оны халықаралық деңгейге көтеру жас білікті мамандарға жүктеледі. Бұл байқаудың маңызы өте зор. Өйткені мұнда мұрағатшылар бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасатын болады. Сондықтан ол алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналып, жалғасын табады деген ойдамын», - деді Б. Жапаров.
Осыдан кейін кәсіби қазылар алқасы мен көрермендер алдына сегіз команда шақырылды.
Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының - «Ақжайық», Алматы қалалық мемлекеттік мұрағатының - «Мұрағатшылар - мазасыз жүректер», Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатының - «Ежелгі Тараз», Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының - «Жас қыран», Семей қаласындағы «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының» - «Мирас», Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатының - «Мұрағат арулары», Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының - «Мұрағат жастары» және Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатының -«Яксарт» командалары жұртшылық адына шығып, өздеріне тән ерекше киім үлгілерімен тәнті етті.
Осыдан кейін 5 адамнан тұратын 8 команда өз орындарына жайғасып, байқау тапсырмаларын орындауға кірісті.
Байқау ережесі бойынша оған қатысушылар өздерінің кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қабілетін төрт конкурстық тапсырмада көрсете алуы тиіс. Бірінші, өз мұрағатының жұмысын әсерлі етіп таныстыру. Екінші, теориялық дайындық деңгейін көрсету: «¥лттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» ҚР Заңы бойынша сұрақтар. Үшінші, тәжірибелік дайындық деңгейін көрсету: мұрағат құжаттарын толықтыру, сақтау және пайдалану бойынша сұрақтар және төртінші, шығармашылық тапсырма. Өз өнерін көрсету.
Байқау одан әрі жалғасуда. Жүлделі орындарға ие болған командаларға дипломдар мен әртүрлі бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Айта кетелік, байқауды ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағаттық іс және құжаттама департаменті жан-жақты қолдау көрсетті.