Алматыда тұңғыш рет қазақстандық интернет конференция өтеді

АЛМАТЫ. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 26 мамыр күні Алматыда «i-Mix 2011» бірінші қазақстандық интернет конференциясы өтеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен конференция барысында ұйымдастырушылар мәлім етті.

Алматыда  тұңғыш рет  қазақстандық интернет конференция өтеді

Шараны қазақстандық «Iteca» көрме компаниясы, Award.kz Ұлттық интернет жүлдесі, «Айдан» веб- студиясы, «4DClick» интернет агенттігі ұйымдастырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның негізгі мақсаты - Қазнетке қызығушылықты, қазақстандық компаниялардың интернетті пайдалану мүмкіндігін арттыру, интернетті коммерциялық, инновациялық, басқарушылық және стратегиялық мақсаттарға пайдалану мүмкіндігін көрсету. Конференция барысында электрондық коммерция, әлеуметтік желілер, мобильді интернет, электронды ақша, жарнама мен дамыту, Қазнет пен инвесторлар, сайт жасау, домен мен хостинг тіркету, интернет магазин, медиа жоспарлау, вирустық жарнама, әлеуметтік желілердегі пиар мен маркетинг, блогшылармен жұмыс, қазақ тілді блогтар мәселесі талқыланады. Конференцияға ТМД-ның интернет саласындағы жетекші мамандары қатысады. Сондай-ақ конференция аясында IX Ұлттық Award.kz интернет жүлдесі басталатындығы жарияланады. Конференция 26 мамыр күні "Бақшасарай" салтанат залында таңғы 9-дан 19.00-ге дейін өтеді.