Алматыда тұңғыш рет шоппинг фестивалі өтеді
АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматыда тұңғыш рет 14-23 қыркүйек күндері «Almaty Shopping Festival» өтеді. Оны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстандағы дисконттық қызмет көрсететін Chocolife.me компаниясы ұйымдастырып отыр.
Аса ауқымды сауда-саттық фестивалі кезінде алматылықтар ғана емес, қала қонақтары да шаһардағы ірі дүкендер мен өзге де сауда орындарында жеңілдіктер пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. Оны Қазақстанда кәсіпкерлік, туризм мен мәдениетті дамытуға бағытталған зор қадам деуге болады. Оған қатысушылар өткен маусым коллекциясын ғана емес, жаңа сән үлгісінде тігілген киімдерді де жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік алады. Ал, жеңілдік көлемі брендке тікелей байланысты болмақ.
«Бұл шараға көптеген туристер қатысатынына сенімдіміз. Біз Алматының Қазақстанның мәдени кәсіпкерлік және туризм орталығы ретіндегі беделін нығайтқымыз келеді. Бұл фестиваль - біздің қаламызда осы кластерді дамытуға бағытталған тағы бір маңызды қадамға айналмақ», - дейді Алматы қалалық туризм басқармасының бөлім бастығы Әлия Мырзахметова. Chocolife.me қазақстандық дисконт сервисінің директоры Рамиль Мухоряповтың айтуынша, оған 30 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда. Оның 3 мыңнан астамы қалаға келген қонақтар болмақ. Фестиваль қала қазынасына түсетін салықтық түсімдерді арттырады. Ал, бұл Алматы қаласының қаржылық және мәдени орталық ретіндегі беделін нығайта түседі. Бұл бұрын-соңды болмаған үлкен оқиға және ол жыл сайын өткізілетін болады.
Мәселен Дубайдағы «Dubai Shopping Festival» кезінде 2011 жылы 400 млн. доллар табыс түскен. Онда әмбебап дүкендердегі сауда-саттық көлемі 57 %, бөлшек сауда-саттық 49% (133,4 млн$), қонақ үйлер мен аппартаменттерде 25% (90,6 млн$), ойын-сауық қызметі 40% (29 млн$) артқан.