Алматыда Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша жарыссөз басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Феникс» фильмін түсіру үшін бөлінген мемлекет қаражатын жымқырды деп айыпталған Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша жарыссөз басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша жарыссөз басталды

Мемлекеттік айыптаушы істің бас сотталушысы Тұңғышбай Жаманқұловты 7 жылға бас бостандығынан айыруды және жазаны жеңілдететін мəселелерді, айыпталушының жасын ескере отырып, оны 3 жыл 9 айға қысқартып, жазасын шартты түрде тағайындауды сұрады.

Тергеу анықтағандай, «Қазақфильм» АҚ «Феникс» фильмін түсіру үшін қаражатты «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС-не аударған. Қаржы қосалқы мердігерлік ұйымдар арқылы аталған компанияның құрылтайшысы әрі картинаның продюсері Т. Жаманқұловқа қолма-қол берілген. Қаржыны қолды қылуға «Қазақфильм» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Г. Ысқақова мен фильмнің атқарушы продюсері Н. Юдинаның да қатысы болғаны анықталды.

Еске сала кетейік, 2016 жылы 2 қарашада «Феникс» фильмін түсіру үшін бөлінген мемлекет қаражатын жымқырды деген күдікпен халық әртісі Т. Жаманқұловқа айып тағылған болатын.