Алматыда тұрақты негізде Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдаудың кең ауқымды акциясы басталды

«Кар-тел» ЖШС қайырымдылық негізінде «4145» қысқа символдық нөмірді ұсынды, онымен бос хабарлама жіберуге, сөйтіп, қор есебіне 100 теңге жіберуге болады. Жиналған ақша медицина қызметіне, үйлерін жөндеуге, тұрмысқа керекті заттарын алуға және басқа да қажеттеріне жұмсауға мұқтаж ардагерлерге беріледі.
Жобаның мақсаты - Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және майдангерлер жесірлеріне тұрақты негізде дер кезінде және жедел көмек көрсету.
Қор қызметкерлері майдангерлердің үйлерін аралап, тұрмыс жағдайымен танысады, қандай мұқтаждары бар екендігін анықтайды. Алматыда 1200-ге жуық соғысқа қатысушылар және 20 мыңнан астам тыл еңбеккерлері тұрады. Олардың көпшілігі қиын жағдайда өмір сүруде, дәрілерге және қажетті заттарына мұқтаж. Соғыс ардагерлерінің көпшілігі 90 жастан асқан және одан да егде жасқа жеткен, бірқатары төсек тартып жатыр немесе мүгедектер арбасына таңылған. Ұлы Отан соғысы қатысушыларының қатары күн санап азая түсуде.