18:18, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда тұрақты түрде көлік ұрлаумен айналысып келген қарақшылар құрықталды
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қалада қарақшылық шабуылмен айналысып қылмыстық топты құрықтады.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 4 адамнан тұратын топ өкілдерінің 2-уі қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері болып отыр. Олар өткен жылдың желтоқсан айының 28-інде «Таугүл» автотұрағына шабуыл жасап, екі күзетшіні байлап тастап, «Тойота Ленд Крузер» көлігін мініп кеткен. Бұнысымен қоймай ағымдағы жылдың ақпан айының 2-сі күні «Алтын дән» автотұрағына шабуылдап, ондағы күзетшіге оқ атқан. «Күзетші ауыр жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды. Ал қарақшылар автотұрақтан «Мерседес-Бенц С-200», «Лексус RX- 300» және «Тойота Камри - 40» көліктерін ұрлап кетті. Тергеу барысында мәлім болғанындай, соңғы қылмыс жасайтын күні баукеспелердің автотұрақтың иттеріне у беріп өлтіргендіктері анықталды. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында автокөліктерді жөндеумен айналысатын Б. есімді азаматтың тұрағынан жоғалған үш көлік табылды. Қазір баукеспелердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда», - дейді департамент бастығының орынбасары.