Алматыда «Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығынан» өрт шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің ғимаратын өрт шалды. Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД-ның ресми өкілі Сандуғаш Баймұханбетова хабарлады.
«2016 жылдың 4 ақпанында сағат 14.29-да «101» пультіне Түркісіб ауданының Дундич көшесі 2 «А» мекенжайында өрт болып жатқандығы туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндірушілер 7 минутта оқиға орнына келіп жетті. Белгілі болғанындай, өрт Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиесілі «Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының» екі қабатты әкімшілік ғимаратының екінші қабатындағы кабинеттердің бірінен шыққан. Ондағы жиhаздар мен техникалар, құралдарды өрт шалған», - деді С. Баймұханбетова.
Өрт салдарынан ғимарат түтінге оранған. Орталықтың қызметкерлері өз беттерімен ғимараттан шығып үлгергендерімен (20 адам) өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері ғимаратта адамдардың бары-жоғын анықтау мақсатында бөлмелерді тағы бір рет қарап шықты.
«Нәтижесінде өрттің басқа кабинеттерге ауыспағандығы, бөлмелерде түтінге тұншығып қалып қалған адамдардың жоқ екендігі анықталды. Тілсіз жау 14 сағат 56 минутта ауыздықталып, 15 сағат 12 минутта жойылды. Өрттің аумағы 10 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталу үстінде», - деді С. Баймұханбетова.
Айта кетелік, өртті сөндіруге жеке құрамның 28 адамы мен 4 арнайы және 4 негізгі техника жұмылдырылды.