Алматыда тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында алғаш рет мемлекеттік балабақша ашылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда әлеуметтік әріптестік аясында заманауи мемлекеттік балабақша ашылды. Мектепке дейінгі мекеме 300 орынға есептелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бостандық ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын төмендету мақсатында Алматы қаласы әкімдігі мен құрылыс компаниялары арасында жасалған меморандум аясында салынған №189 мемлекеттік балабақша ашылды.
«Акварель» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан балабақша 300 орынға есептелген, балалардың денсаулығын, ой-өрісін, ойлануы мен логикасын дамытуға арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда инклюзивті білім беру үшін барлық жағдай жасалған. «Робототехника», «Сенсорика», «Қолөнер» және «Монтессори» кабинеттері ашылды.

Ойын алаңдарында ойын кешендері мен көлеңкелі шатырлар орнатылған. Балалардың иммунитетін нығайту мақсатында балабақша «тұз шахтасымен» жабдықталған. Бейнебақылау жүйесі де іске қосылған.
Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын төмендету бойынша жұмыстар ерекше бақылауда. Осы жылдың басынан бастап қала бойынша 2 630 орындық 46 жеке балабақша ашылды, осы жылдың соңына дейін 320 орындық 2 мемлекеттік және 2 600 орындық 29 жеке балабақша ашу жоспарда.
2022 жылы 7 179 орындық 109 балабақша ашылды, оның ішінде 120 орындық 1 мемлекеттік және 7 059 орындық 108 жеке балабақша. Осылайша, 10 109 орындық 156 балабақша ашылды.

Сонымен қатар, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурс өткізіледі. 2023 жылдың басынан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға 3 801 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 2 конкурс өткізілді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына сапары барысында мегаполистегі балабақша тапшылығы туралы айтып, бірқатар тапсырма берген еді.
«Балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек», - деген болатын Президент.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту мақсатында республика бойынша 81 мың жаңа орын ашылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту мақсатында жыл соңына дейін республика бойынша 81 мың жаңа орнын ашу жоспарланып отыр. Елімізде 11 317 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс жасайды, балаларды қамту деңгейі – 89,1%», - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметінен.
Мектепке дейінгі мекемелерге қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Маусым айында Алматы, Астана қалаларында, Ұлытау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында жаңа топтарды жасақтау аяқталған. Ал қалған өңірлерде бұл жұмыс қыркүйек айына дейін жалғасады.