Алматыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесіне арналған алқалы жиын өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған алқалы жиын өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.,
Оған қала әкімі Ахметжан Есімов төрағалық жасауда. Бұл жиынға аудан басшылары, құқық қорғау органдары мен пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері қатысып отыр.
"Мұндай алқалы басқосуды біз өткен жылы да өткізген едік. Онда қордаланған мәселені жан-жақты талқылап, үкіметке ұсыныстар жасадық. Оның кейбірі қабылданды. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бірқатар заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы" Заң қабылданып, оған маусымның 8-інде Президент қол қойды. Үкіметте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңартудың тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі арнайы агенттік құрылып, екі күн бұрын оның жетекшісі тағайындалды", дейді Ахметжан Смағұлұлы. Шаһар басшысының айтуынша, бұл алқалы жиынға агенттіктің тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Василий Маслов арнайы шақырылып отыр. Ол мәжіліске қатысушыларды тәуелсіздіктен кейінгі жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қабылданған еліміздегі алғашқы тұжырымдамамен таныстырмақ.