Алматыда тұрғын үй секторындағы өрттер саны 20 пайызға азайды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жылыту маусымы басталғалы жеке секторда өртке қарсы қауіпсіздікті бақылау шаралары күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Данияр Жүсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, Алматы құтқарушылары жеке секторды тексеру барысында өрт қауіпсіздігінің 90-ға жуық бұзушылығын анықтады.
«Ондаған үйдің жағдайы нашар болғандықтан, мұржаларды тазалау, пештегі жарықтарды жөндеу, электр сымдарын ауыстыру, көмірқышқыл газын анықтау құрылғыларын орнату және басқа да шаралар жасау қажет болды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, тізімдер түзетіліп, 792 тұрғын үй есепке алынды. Осыған байланысты, қыркүйек айында «Көмек қолы» акциясы ұйымдастырылып, оның барысында аз қамтылған отбасыларға газ датчиктері орнатылды, бұрын орнатылған датчиктердің батареялары ауыстырылды, басқа да өртке қарсы және профилактикалық көмектер көрсетілді. Тұрғын үй секторындағы өрт көлемі 20 пайызға азайды», - деді Данияр Жүсіпов.
Сонымен қатар, ол биыл 151 934 жеке тұрғын үй есепке алынғанын атап өтті. Оның ішінде 1205 үй қатты отынмен жылытылады. Бүгінгі күні олар 100% тексеруден өтті.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай, иістен қорғайтын датчиктердің арқасында құтқарушылар екі адамның өмірін сақтап қалды.