Алматыда тұрғын үйде газ жарылды: Үш адамның жағдайы ауыр

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Первомайка ауылындағы Постышев, 64 «В» мекенжайында барак типтес 3 қабатты жекеменшік үйде жарылыс болды. Онда жалдамалы бөлмелерде 12 отбасы тұрып жатқан.
Оқиға орнына жеткен апаттық-диспетчерлік қызметтің хабарлауынша, жарылыс бірінші қабаттағы №3 пәтерде болған. Қатты дүмпу үйдегі есік-терезені, ішкі қабырғаларды қиратқан.
Мамандардың тексеруінен соң үйдегі газ қазандығы қирамағаны анықталды.
Ал қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, жедел жәрдем бригадасы №4 ауруханаға 3 пациентті жеткізді.
Үшеуі да қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
«36 жастағы ер адамның денесін 100 пайыз күйік (3-дәрежелі) шалған. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқастың жағдайы өте ауыр. 19 жастағы қыздың денесінің 85 пайызын күйік (3-дәрежелі) шалған. Жағдайы өте ауыр. 23 жастағы жігіттің беті, аяқ-қолдары күйген (1-дәрежелі). Денесінің 22 пайызы зақымданған. Бұл пациенттің де жағдайы өте ауыр», - деді басқарманың баспасөз қызметінен.