Алматыда тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда

АЛМАТЫ. 16 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда жеке тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Халықтың ең тығыз орналасқан Әуезов ауданында бұл іс белсенді жүруде. Ел тәуелсіздік алғаннан бері бұл ауданға қала маңындағы 28 ауыл қосылған.

Алматыда тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда

«Школьник», «Дубок», «ПМК» және «Афцинао» ықшам аудандарында 465 жеке үй мен 80 көп қабатты тұрғын үй орталық жылу беру құбырына қосылған. Алайда апаттық жағдайлардың орын алуы мен бұл аймақттың жылумен толық қамтамасыз етілмеуінен 2009 жылы жеке меншік үйлерді орталық жылу беруден ажыратып, оларды газдандыруға көшіру мәселесі қолға алынған болатын. Осы тұрғыда қазір диаметрі 600 мм, ұзындығы 2600 метр болатын жылу магистралі желісін қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Істің 50 пайызы атқарылған, осы жылдың қазан айына дейін жұмыс толықтай аяқталады деп күтілуде.

Жалпы Әуезов ауданында 17172 жеке меншік үй бар болса, оның 402-сі орталық жылу беру құбырына қосылған, 13 167-сі табиғи газды пайдаланады, ал 3606 түтін көмірмен үйлерін жылытуда.