Алматыда тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қарызы 804 миллион теңгені құрайды

АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Алматыда тұрғындардың коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге қарызы 804 миллион теңгені құрайды.

Алматыда  тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қарызы 804 миллион теңгені құрайды

 Бұл жайлы қала әкімі бүгін  тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған алқалы жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 "Қалада тұрғындардың қызмет жеткізушілер алдындағы қарызы көкейкесті мәселелердің бірі боп қалуда. Аудан әкімдері пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жетекшілерімен, коммуналдық қызмет қарызын төлемеген тұрғындармен белсенді жұмыс жасауы тиіс.  Сондай-ақ қызмет жеткізулерімен бірігіп қатаң шаралар қолдануы қажет. ПИК басшылары тұрғындармен аз кездеседі. Мәселен, Әуезов ауданындағы 224 ПИК-тің 25-і немесе 11 пайызы ғана тұрғындарға есеп берген. Бұл көрсеткіш Медеу ауданында - 21, Бостандық ауданында 24 пайызды ғана құрап отыр", дейді Ахметжан Смағұлұлы. Шаһар басшысының айтуынша, ПИК-те басқарушы директорларды сайлау өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Өйткені атқарушы директорлар 15 адамнан тұратын басқарма мүшелеріне  тоқсан сайын өз қызметі туралы есеп беріп  отырады. Кейде мыңнан астам тұрғыны бар  көп қабатты және көп пәтерлі бірнеше үйді біріктіретін ПИК-те барлық тұрғындың басын қосу мүмкін емес. Сол себепті олар   «ақша жинаймыз, ал тәртіп жоқ» деп ПИК жұмысына шағымданады. Жалпы қазіргі 719 ПИК-тің  381-інде  басқарушы директор бар. Бұл жұмыс кейбір ауданда жақсы жолға қойылса, кейбір ауданда өте әлсіз. Атап айтқанда, 224 ПИК-і бар Әуезов ауданында 43 ПИК-те ғана басқарушы директор жұмыс істейді.