Алматыда туристер үшін 2019 жылғы іс-шаралар күнтізбесі жасалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыға былтыр 1,1 млн турист келген. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11,8% көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, Алматыға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді.

«Бұған визалық режімнің жеңілдеуі, ЭКСПО және Универсиаданы өткізу, туристік инфрақұрылымды дамыту, халықаралық іс-шараларды өткізу серпін болуда. Алматыға былтыр 1,1 млн турист келген. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 11,8% көп. Ал шетелдік туристер саны 3,2% артты. 2018 жылы қалаға 365 мың шетелдік турист келді. Бұл, біздің елге келген туристердің 44% Алматыға келетінін білдіреді», - деді қоғаммен байланыс қызметінің өкілдері.

«Халыққа арналған қала» жобасы бойынша тұрғындар мен туристер үшін жайлы қалалық ортаны құру мақсатында 2 жыл ішінде тарихи орталықтың 60% кешенді жаңартылды.

Жаяу жүргіншілер жолдары және жасыл аймақтар кеңейтіліп, сервистік жеке нысандардың сапасы айтарлықтай өзгерді.

Былтыр Алматыда жұмыс істейтін агенттіктер үшін өңірлік БҰҰ хабының жаңа ғимараты ашылды.

Коммуналдық меншікке берілген «Балуан Шолақ» спорт кешенінде туристік операторлар, жылжымайтын мүлік агенттіктері, қолөнер орталығы, туристер үшін демалыс орындары орналасқан елдегі жалғыз туристік хаб ұйымдастырылды.

Шетелдік туристердің көпшілігін көшпелілер мәдениеті, Алматы қаласының 1 мың жылдық тарихы қызықтыратынын айта кету керек. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Боралдай сақ қорғаны», «Сақ Қорғаны» және «Райымбек батыр» мұражайларын, «Қазақфильм» аумағында «Ethnoland» этномәдени кешенін салу жоспарланып отыр.

Ахуалдық туризм шеңберінде жыл сайын кемінде халықаралық масштабтағы 50 іс-шара өткізіледі. Олардың арасында Халықаралық джаз фестивалі, Spirit of Tengri, Star of Asia, Оркестрлер парады, Алматы Көктөбе Опера, Apple Fest, Tour of Almaty, Almaty Maraphon, Almaty Mount Fest бар.

Оқиғалық туризмді ілгерілету мақсатында туристік оқиғалық күнтізбе әзірленді. Ол 2019 жылдың соңына дейін өткізілетін барлық негізгі іс-шараларды қамтиды. Күнтізбе барлық ақпарат нүктелерінде, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, танымал халықаралық платформаларда таратылады.

Соңғы жылдары қалада туристік бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын ескере отырып, жеке инвесторлар тарапынан туристік салаға қызығушылық байқалады. Осылай, 2018 жылдың қорытындысы бойынша туризмге салынған инвестициялар 28,7% артып, 77,2 млрд теңгені құрады.

Соңғы жаңалықтар