Алматыда туристік нысандардың ортақ базасы құрылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Туризм және сыртқы байланыс басқармасы "Visit Almaty" туристерге арналған ақпараттық орталығымен бірлесе отырып Алматыдағы туристік нысандардың тізімін жинақтап, бір базаға шоғырландыру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда туристік нысандардың ортақ базасы құрылады

Бұл Қазақстандағы аймақтық туристік саланы дамытуды жүйелендіру бағытындағы алғашқы жұмыс. Соның нәтижесінде қаланың көрікті жерлері, курорттар, қонақжайлар мен дүкендер, тамақтану орындары және туристік инфрақұрылымның басқа да түрлері туралы ақпарат біріктірілген бірегей мәліметтер базасы құрылмақ.

Ортақ мәліметтер туризм индустриясының объектілері мен субъектілерінің ағымдағы жағдайы, инфрақұрылымның мықты және әлсіз жақтарын анықтау мақсатында жинақталмақ.

"Осылайша туристік индустрия ойыншыларының қажеттіліктерін, турбизнестің ағымдағы бәсекелестік ұсынысын түсіну мүмкін болмақ. Сонымен қатар инвестицияларды әрі қарай жоспарлауға, туризмдегі кәсіпкерліктің өсуіне мүмкіндіктер қалыптастыруға және қала қонақтары мен тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ортақ базаның маңызы зор», - деді басқармадан.

Жинақтау жұмысына 3 топ тартылды. Олардың біреуі call-орталық форматында жұмыс істеп, сауалнама жүргізеді.

Ал қалған екеуі нысандарға барып, тексереді. Қазірдің өзінде 15 аймақ бойынша 1020 нысан тексерілді. Ол Алматы қаласымен қатар, Көлсай көлі, Алтынемел, Үңгіртас кешені, Тамғалы тас шатқалы, Рахат, Талхиз тарихи орындары тіркелді.

Visit Almaty бағалауы бойынша, жұмыс нәтижесінде тізімге 5000 туроператор мен Алматы және Алматы аймағындағы туристік бағытта жұмыс жасайтын кәсіпкерлер енуі мүмкін. Жұмыстың басым бөлігі 2017 жылдың соңына қарай аяқталады.