Алматыда Түркияның Ұлттық Тәуелсіздік және Балалар күні атап өтілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда «Қазақстан» қонақ үйінде 23 сәуір - Түркияның Ұлттық тәуелсіздігі және Балалар күніне орай, кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

 Алматыда Түркияның Ұлттық Тәуелсіздік және Балалар күні атап өтілді

«Түркия Республикасында жыл сайын 23 сәуірде Балалар күні атап өтіледі. Сонымен қатар, бұл күн - Ұлттық тәуелсіздік күні болып табылады. 1920 жылы 23 сәуірде тұңғыш рет Түркия Парламенті - Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі (ТҰҰМ) құрылған болатын.  Осы Мәжілістің ашылуына естелік ретінде 1927 жылы Түркия Республикасының көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік тарапынан 23 сәуір - Балалар күні болып белгіленді. Бүгін біз осы мерекені тек түрік балаларымен ғана емес, сондай-ақ қазақ және өзге де ұлт өкілдерінің балаларымен атап өткіміз келеді. Біздің есігіміз барлық балалар үшін ашық! Өйткені, балалар - біздің болашағымыз! Бұл күн әлемнің барлық балалары үшін достықтың, ынтымақтастықтың бастамасы болса екен деймін», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Түркия Республикасының Алматыдағы Бас Консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза.

Бүгінге мерекелік іс-шараға Алматы қаласындағы орта мектептерде білім алып алып жатқан әр түрлі ұлт өкілдерінің балалары, сондай-ақ, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері - барлығы 200-ден астам балғын қатысты.

Шара барысында балалар түрік және қазақ әндерін шырқап, би биледі және өлеңдер оқыды. Ал аниматор актерлер залды аралап, өз өнерлерімен балалар мен ересектердің көңілін көтерді.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шара барысында 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында лотерея ойнатылды. Оның қорытындысы бойынша бағы жанған бір ұл және бір қыз балаға ата-аналарымен бірге Түркияның Чанаккале қаласына барып келуге туристік жолдама табыс етілді.    

Шара соңында балалар мерекелік торттың дәмін татты және оларға  демеушілер тарапынан шағын сыйлықтар үлестірілді.

Айта кетелік, Мұстафа Кемал Ататүріктің «Ұлт болашағы - балалық шақта қаланады» деген сөзі Түркияда кеңінен танымал.