Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық азайды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – ішімдікке салыну мен жұмыссыздық. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Диас Дуанбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – ішімдікке салыну мен жұмыссыздық. Мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында 5 айдың қорытындысы бойынша 101 адам мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді. Алкогольді сату ережелерін бұзғаны үшін 199 әкімшілік іс сотқа жолданды»,- дейді Диас Дуанбеков.
Спикердің сөзінше, тұрмыс барысында кездесетін қылмыстың негізгі түрі – адам өлтіру және дене жарақатын салу. Мұндай ауыр қылмыстар ерлі-зайыптылар арасында – 2 жағдай, бірге тұратындар арасында – 2, жақын туыстар арасында – 2 оқиға тіркелген.
Көбінесе қылмыстар алкогольдік ішімдік тұтыну салдарынан, қызғаныш пен ұрыс-керістен кейін болады.
«Алматының тәртіп сақшылары отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқықбұзушылықтарды тұрақтандыру мен жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізеді. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша тұрмыстағы құқық бұзушылықтардың үлесі барлық тіркелген құқық бұзушылықтардың 0,05 пайызын құрады. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар 2,6 есеге (14-тен 6-ға дейін) азайған»,- деді ол.