Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер қайда бара алады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева онлайн брифинг барысында мегаполисте тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның сөзінше, қалада зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді қабылдайтын «Жан Сая» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. 2017 жылы ашылған орталыққа биыл 75 әйел мен 157 бала өтініш берген.
А»тап айтсақ, «Жан Сая» отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары үшін арнайы жасалған. Мұнда зардап шеккендерге баспана, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Орталық сонымен қатар балаларға арналған түрлі іс-шаралар өткізеді және «150» сенім телефоны бар. Сондай-ақ Алматыда тұратын жері жоқ адамдар үшін құрылған «Пана» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 466 өтініш берушіге көмек көрсетілді, олардың барлығы уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етілді», - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, ол Орталық мамандары зардап шеккендердің құжаттарын қалпына келтіруге көмектесетінін айтты.
«Алматыда жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызбасты ерлі-зайыптылар және зейнеткерлік жастағы ерлі-зайыптылар үшін еліміздегі ерекше «Қамқор» әлеуметтік үйі жұмыс істейді. Мұнда 50 адам тұрып жатыр. Туыстарының қарауынсыз қалған тұрғындары пәтерлерін мемлекет меншігіне өткізіп, осы үйге көше алады», - деді Назира Тоғызбаева.