Алматыда тырысқақтың таралуына қарсы күрес жүргізілуде
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда санитарлық дәрігерлер туристер шетелден жұқтырып келген тырысқақ ауруының одан әрі таралмауына күш салуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Қоғам денсаулығын сақтау қалалық департаментінің басшысы Айзат Молдақасымованың айтуынша, эпидемияға қарсы барлық іс-шаралар қолға алынды.
Оның айтуынша, бұл аурудың Қазақстанға келуіне бірнеше құзырлы органның жұмысының салғырттығы себеп болып отыр.
Атап айтқанда, дәрігерлер «Эйр-Астана» авиакомпаниясы қызметшілерінің жұмыстарын қанағаттандырарлық емес деп бағалауда.
Мемлекеттік шекараны аса қауіпті жұқпалы аурулардың әкелінуінен қорғау бойынша ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне де айтылған.
«Тырысқақ жұқтырған адамдар ұшақта әжетханаға жиі барады. Бұл өте қауіпті ауру. Бірнеше сағат ішінде адам 30 пайыз ылғалды жоғалтады. Ереже бойынша экипаж мұндай адамдарды бірден оқшаулап, дереу бізге хабар беруі керек. Ұшақ жерге қонған соң бірден жолаушыны тексеріп, қалған жолаушылардың хал-ахуалын білуі тиіс», - деді Айзат Молдақасымова.
Сонымен қатар, ҚР ИДМ бекіткен «Азаматтық авиацияда жолаушыларға медициналық көмек көрсету ережесінің» талаптарына қарамастан соңғы айларда «Нью-Дели - Алматы» КС 908 рейсі ұшағына аса қауіпті жұқпалы аурудың белгілері бар жолаушыларды отырғызуға рұқсат берілген.
Департамент өкілдері ҚР СІМ Үндістаннан келетін туристердің ұшар алдында медициналық анықтамасыз шықпауын, алдын алу іс-шараларын қолдануды қарастыруға өтініш білдірді.