Алматыда учаскелерге бірінші болып келген сайлаушыларға сыйлықтар табыс етілді

АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Сара Мұстафина/- Алматыдағы барлық сайлау учаскелері есіктерін белгіленгендей, таңғы сағат 7.00-де айқара ашты.

Алматыда   учаскелерге   бірінші  болып келген  сайлаушыларға  сыйлықтар    табыс етілді

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жүнісов хабарлады.

Оның айтуынша, қаладағы барлық 467 сайлау учаскесінде салтанатты көңіл-күй орнаған. Учаскелерге бірінші болып келген сайлаушыларға ерекше назар аударылды, оларға гүл шоқтары табыс етілді.

Кәмелет жасына толып, алғаш рет дауыс бергелі отырған еліміздің жас азаматтары да, ауру-сырқауларына, жайсыз ауа-райына қарамастан, дауыс беруге келген қариялар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға да тарту-таралғылар жасалды.

«Бұл біздің азаматтық борышымыз», - дейді бүгін ауа райы күрт бұзылғанына қарамай, дауыс беруге келген Алматының тұрғындары.

Әділ Жүнісовтың хабарлауынша, таңғы сағат 10.00-дағы жағдай бойынша Алматы қаласының 50 185 тұрғыны дауыс берді.