Алматыда учаскелік инспекторлар жетіспейді
АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Алматы қаласында учаскелік инспекторлар тапшы. Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінде құқық қорғау органдарының өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылау жиынында қала басшысы Ахметжан Есімов мәлім еткен.
Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарламасына қарағанда, нормативке сәйкес, адам саны 3 мыңға жеткен жерде бір учаскелік инспектор қызмет етуі шарт. Алайда, Алматы қаласында 4 мың адамға бір учаскелік инспектордан келіп отыр. Осыған орай, 2011 жылы Алматы әкімдігі ІІМ алдына қалада учаскелік инспекторлар санын 123-ке көбейту туралы мәселе қойған болатын. Оларды қаржыландыруға 230 млн. теңге бөлінді.
Жиын барысында Ахметжан Есімов қалада дербес жұмыс жасайтын экологиялық полиция бөлімшесін құру қажеттігін де алға тарты. «2012 жылы біз 13 экопост құрып, сырттан келетін көліктің қалаға кіруін шектеу мақсатында 56 газоанализатор алдық. Биыл біз олардың санын арттырып, автотранспортқа талапты күшейтетін боламыз. Машинаның техникалық бақылауын дұрыс деңгейде жүргізбеген станцияларды да сынға алған жөн. Бұл қызмет көрсету бәсекелестік тудырғанымен, қызмет сапасы төмен»,- деп атап өтті әкім. Қала басшысы экологиялық полицияның құзырына жабайы сауданы болдырмау, туристер жиі болатын таулы аймақта қауіпсіздікті сақтау кіретіндігін де жеткізді.