Алматыда учаскелік полиция инспекторлары көпбалалы отбасыны өрттен құтқарды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының учаскелік полиция инспекторлары көпбалалы отбасын өрттен құтқарып қалды,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, құтқарылғандардың арасында төрт бала болды, олардың ең кішісі үш жаста.
«Әріптесім, Самат Нұровпен бірге таңертең жұмысқа бара жатқан едік. Жансүгіров көшесінің бойымен келе жатып, жеке сектордан шыққан қою түтінді байқадық. Кері қарай бұрылып, 657-үйге қарай жүгірдік. Монша өртеніп жатыр екен, өрт үйге де тарап үлгерген. Ішінде адамдар болды. Олар қатты ұйықтап жатқандықтан, отты сезбеген. Оларды оятып үйдің терезесі арқылы алып шыға бастадық. Алдымен балаларды, содан кейін ересектерді шығардық. Отағасы түпкі бөлмеден әжейді шығарды, біз оны терезе алдында күтіп алдық. Сонымен қатар қосымша көмекті де шақырдық. Патрульдік экипаж келіп, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялады. бастады. Өрттің жақын орналасқан басқа тұрғын үйлерге таралу қаупі болды. Құдайға шүкір, ешкім зардап шеккен жоқ», – деді Түрксіб аудандық Полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жайнат Молдағали.
Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр.
«Мен полицейлерге қатты ризамын. Егер олар болмаса, біз бәріміз, бүкіл отбасымызбен өртеніп кетер едік. Жанымыздан өтіп кетпей бізге көмектескендеріңіз үшін көп рахмет», – деді көпбалалы ана.