Алматыда үкіметтік емес ұйымдардың 5-ші форумы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форумға 400-ге жуық ҮЕҰ өкілдері қатысты. Отырыс барысында ҮЕҰ-лардың өзекті мәселелері, билікпен байланысты жүзеге асыру тетіктерін қаматамасыз ету бағыттары 6 секция бойынша талқылады. Оның ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экология, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, мемлекеттік тіл, жастар саясаты басты тақырыптар ретінде сөз болды.
Басқосу барысында сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, "қазақстандық қоғамның 3-ші секторын, яғни үкіметтік емес ұйымдарды сапалы дамыту, оларды ықпалдастықтың нақты тетіктерімен қамтамасыз ету - басты мақсаттың бірі".
«ҮЕҰ-лардың қаржыландыруға, ақпараттық қолдауға байланысты өзекті мәселелері жете таныс. Сіздерді бүгінгі диалогқа шақыра отырып, осы мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар күтеміз. Біздің ойымызша, үкіметтік емес ұйымдардың ішкі тұрақтылықты мен әлеуметтік теңдікті сақтауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына атсалысуды қолына алғаны жөн», деді А.Есімов. Ол сондай-ақ ҮЕҰ-лардың Алматы қаласының өмірінде маңызы зор екендігіне тоқталды. Еліміздегі 11 мың ҮЕҰ-ның 6 мыңы Алматыда тіркелген.
Шара барысында форумға қатысушылар тарапынан қала әкімі баса тоқталған нақты ұсыныстар жайлы да айтылды.
Кеңес соңында 2008 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында жүзеге асырылған басты жобалардың көрмесі өтті.