Алматыда үкіметтік емес ұйымдардың пікірталас клубы құрылады
АЛМАТЫ. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда үкіметтік емес ұйымдардың корпоративті мәдениет деңгейін арттыруға арналған пікірталас клубы құрылады. Бұл туралы шешім жақында Алматыда өткен «ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдардың қазіргі кезеңдегі өзара әрекеттесу түрлері мен әдістері» атты дөңгелек үстел барысында қабылданды.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырған «Жалғас» ресурстық және консалтингтік орталығының атқарушы директоры Михаил Тюниннің айтуынша, отырыс барысында бұнымен қатар Мемлекеттік құрылымдарды, Парламент депутаттары мен халықаралық ұйымдарды шақыра отырып, Қазақстандағы коммерциялық емес сектор жұмысындағы стратегиялық басым мәселелерді талқылау мақсатында бірқатар жұмыс кездесулерін өткізу де жоспарланған. Бұнымен қатар байқаулар мен гранттардың бірыңғай ақпараттық-кеңес беру порталын құру да ұсынылған. «Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу туралы» арнайы портал бар. Онда тендерлер мен мемлекеттік сатып алулардың қорытындылары жарияланады, яғни айқындылық бар. Ал ҮЕҰ-дардың қандай тендер ұтып алып, қалай пайдаланып жатқаны туралы мәлімет жоқ, яғни айқындылық жоқ. Жаңа портал осы айқындылықты қамтамасыз етуі тиіс», дейді Михаил Тюнин.
Дөңгелек үстел барысында негізінен шетелдік донорлык ұйымдар және мемлекеттік құрылымдармен жұмыс жасау бойынша мәселелерді талқылады. Бұнымен қатар коммерциялық емес сектордың ішкі мәселелері де сөз болды. Қоғамдық ұйымдардың өкілдері ҮЕҰ-дар арасында бытыраңқылық, төмен корпоративті мәдениет, кәсіби деңгейдің төмендігі, әсіресе «жас» ҮЕҰ-дың арасында жемқорлық, жобаларды жүзеге асыру барысында ашықтықтың жоқтығын сөз етті.