19:12, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда үлескерлік құрылыс мәселесіне арналған отырыс өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ –Бүгін вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен Алматы әкімдігінде үлескерлік құрылыс мәселесіне арналған отырыс өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қаладағы негізгі құрылыс компаниялары мен екінші деңгейлі банктердің, мемлекеттік құзырлы органдардың басшылары қатысқан отырыста Өмірзақ Шөкеев Үкіметтің ипотекалық несиені тірілтуге күш салатынын жеткізді. Бұл бағытта Үкімет екінші деңгейлі банктерге ипотекалық тұрғын үйді несиелендіруге қаржы бөлуге дайын.
Өмірзақ Шөкеев ипотекалық несиенің тоқтап тұруына негізгі 3 себеп бар екендігін атап өтті. «Біріншісі, тұрғын үйдің 1 шаршы метріне бағаның қымбат болуы.Бұл жалпы күш салудың арқасында ретке келтірілді. Екіншісі- несиенің пайыздық ставкасының жоғары болуы, бұл бағытта Үкімет пайызды 10,5- 12 дейін төмендету үшін банктерді арнайы қорландырып отыр. Үшіншісі- тұрғындардың құрылыс компанияларына сенімінің азаюы болып отыр.Бұл мәселені шешу үшін жұмыс тобы құрылды», деді вице-премьер.Үкіметтің үлескерлік құрылысты қолдауымен Алматыда 16 мың үлескері бар 132 тұрғын үй нысаны салынуда. Бұлардың 33-і аяқталып, 3,5 мың үлескер өз пәтерлерін алған. Қалғандарына қаржы керек. Бұл туралы отырысқа қатысқан Сауда және индустрия министрі Владимир Школьник мәлім етті. Өмірзақ Шөкеев өз тарапынан бұған қажетті қаржының бөлінгенін оны игеруге көшу қажеттігін ескертті. Өмірзақ Шөкеев бұнымен қатар, тұрғындарға ипотекалық жарнаны кепілдендіру жобасын тұрғындарға кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті. Бүгінде ипотекалық жарнаны кепілдендіру жобасының 2 нұсқасы жасалған.Алматы қаласы мен облысы әкімдерінің орынбасарларының үлескерлік құрылыс туралы есебін тыңдаған вице-премьер Владимир Школьникке қала мен облыс аумағындағы проблемалық құрылыс нысандарын «жіпке тізіп», әрқайсысы туралы толыққанды мәлім дайындап, ертең Астанада өтетін Үкімет отырысында мәлімдеуді тапсырды.