Алматыда үлкен спорт кешені мен 50 кроссфит-алаң салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімдігі әлеуметтік жауапкершілік аясында екі компаниямен меморандумға қол қойды.

Келісім аясында тараптар спорт саласын дамытуға және қаланың экологиялық қауіпсіздігін арттыруға уағдаласты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қала басшысы Бауыржан Байбек ел экономикасының тірегі болып отырған кәсіпкерлердің маңызын атап өтіп, әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпай отырғаны үшін алғыс білдірді.

«Алматы елдің ЖІӨ 20 пайызын береді. 30 пайызға жуық табыс Алматының еншісінде. Мұнда бизнес-қауымдастықты дамыту маңызды. Қаланың басты міндеті - экономикалық тұрғыдан жайлы ахуал қалыптастыру, қала игілігіне қызмет етем деушілер болса, бәріне ашықпыз», - деді Б.Байбек.

«Астана банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Тоқтаровтың айтуынша, қол қойылған меморандум арқасында қалалықтар игілігіне жақында 50 жаңа кроссфит алаңы мен «Стрит Воркаут» алаңы беріледі.

Сондай-ақ, жас кәсіпкерлерге арналған коворкинг-орталық пен фин технологиясы бойынша тұрғын үй құрылысы комбинаты бой көтереді.

«Автогаз Трэйд» компаниясымен өзара уағдаластық бойынша Түрксіб ауданында заманауи спорттық кешен мен 15 балалар алаңы салынады.

Сондай-ақ, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында газ құю стансаларын дамытуға барынша жағдай жасалады.

Соңғы жаңалықтар