Алматыда Ұлттық шығармашылық фестивалі болып өтті
АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры алдында Ұлттық шығармашылық фестивалі болып өтті.
Халықаралық көшбасшылық орталыққа қарасты "ЛП-44" бастамашыл топтың ұйымдастыруымен өткен шараға қала тұрғындары мен қонақтары, қолөнер шеберлері мен мәдениет қайраткерлері, сонымен қатар жастар қауымы қатысты.
"Бүгінгі шара ұлттық мәдениетімізді сақтау мен одан әрі дамыту және жас буынға ұлттық тәрбие беру мен жастарды ұлттық дәстүрімізді құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткізіліп отыр",-деді "ЛП-44" бастамашыл топтың мүшесі Махаббат Сеитова.
Бүгін фестиваль барысында арнайы қойылған қойылымда "Бесік салу" мен "Тұсау кесу" дәстүрі көрсетілді. Жәй ғана көрсетіліп қане қоймай, қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін қалай дұрыс жасау керек екендігі және оның өнегелігі айтылды. Сонымен қатар, барша жұртқа "Қара жорға" биін қалай дұрыс билеу керек екендігі түсіндірілді.
Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі де болып өтті. Жәрмеңкеге қолөнершілердің өз қолдарынан шыққан жұмыстары қойылды. Шеберлер фестиваль барысында барлық қалаушыларға ұлттық шығармашылық түрлері бойынша шеберлік сыныптар өткізді.
Шара барысында "Арқан тарту", "Көкпар", "Асық ату" және тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыстар болып өтті. Спорттық шараларға қатысқан жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.