Алматыда Ұлттық ұлан сарбаздары 100 жастағы соғыс ардагерін құттықтады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қарттар күніне орай Ұлттық ұланның әскерилері соғыс ардагері мен Ұлттық ұлан ардагерлерін құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, Ардагерлер кеңесінің өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Уатайұлы Жонқабаевтың үйіне барды.
Олар 100 жасаған ардагерді қарттар күнімен құттықтап, сый-сияпат тапсырды.
Ниязтай Әлкешев соғыс ардагеріне ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов пен ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әміреевтің құттықтау хаттарын оқып, тапсырды.
Сондай-ақ, бұл күні Ұлттық ұлан ардагерлеріне де құттықтау айтылып, марапат табысталды.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда қолбасшылық есебінде 80-ге жуық егде жастағы ардагер бар.
Өңірлік қолбасшылыққа қарасты 10 әскери бөлім осы ардагерлерді қамқорлыққа алған. Бүгін әр ардагерге барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.






