Алматыда «Ұлы Дала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 15 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда «Ұлы Дала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайы өтіп жатыр.
Жиын барысында «Ұлы Дала» қозғалысы - қоғамымыздағы демократиялық, либералдық құндылықтарды, адам құқығы мен сөз, іс-әрекет бостандығы қағидаларын басшылыққа ала отырып, еліміздегі саяси, экономикалық, әлеуметтік үрдістерге белсене араласып, халықтың бүгіні мен келешегіне қатысты оң шешімдерге ықпал ету мақсатында құрылғандығы айтылды.
«Біздің көздейтін мақсатымыз- халықтың тұтастығы, экономиканың, ұлттық байлықтың ел азаматтарына жұмыс істеуі. Бүгінгі күні елімізде өкінішке орай көптеген мәселелер бар, мысалы экономикалық-саяси реформалардың тұралап қалуы, экономиканың монополиялануы, жемқорлықтың тыйылмауы секілді. Сондай-ақ біз қазір орыстілді және қазақтілді қоғамда өмір сүріп жатырмыз, дін мәселесі де соңғы кезде ұлғайып кетті. Сондықтан елі үшін жаны ашитын, ел үшін қызмет ететін азаматтар бірігіп, осындай келеңсіз мәселелермен күреспекпіз»,-дейді аталған бірлестіктің ұйымдастыру комитетінің мүшесі, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта өздерінің бағдарламасын жасап, оны еліміздегі саяси партияларға ұсынатындығын жеткізді. "Біз ешқандай саяси партияға жатпаймыз, алайда біздің ұсынған бағдарламамызды қай партия қабыл алып, қолдаса сол партияны насихаттаймыз", -деп атап өтті А.Сарым.
Жиын барысында «Ұлы Дала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің елдің әр аймағында өз бөлімшелері ашылып жатқандығы да айтылды.
Осыдан үш жыл бұрын құрылған бұл бірлестіктің бүгінгі құрылтайында қоғамдық саяси қозғалыстың жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, жетекші органдары сайланбақ.