Алматыда Ұлы Отан соғысындағы қазақ журналистикасы жайлы ғылыми конференция өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Ағымдағы жылдың 20-шы сәуірінде Жеңістің 65 жылдығына орай «Майдандағы қазақ журналистикасы» тақырыбында Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны ҚР ЖОО қауымдастығы, Қазақстан журналистер академиясы, ҚР Журналистер одағы мен Ұлттық кітапхана ұйымдастырып отыр.
Ұлы Отан соғысы тұсында 20-ға жуық майдандық, әскери дивизионды газеттер шығып тұрса, соның көптеген парақтары қазақ тілінде жарық көрген. Олардың тарихи әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Майдандағы басылымдардың негізгі міндеті дұшпанға деген өшпенділікті арттырып, жауынгерлерді Отан сүйгіштікке тәрбиелеу болатын.
Майдан газеттерін дайындығы жоғары - А.Елшібеков, Д.Әбілов, С.Омаров, М.Дінишев, П.Кузнецов, Г.Әбішев, А.Сәрсенбаев, Т.Әшімбаев, К.Бекхожин, С.Сейітов, Ж.Молдағалиев, А.Ипмағамбетов сынды 70-ке жуық ұлттық рухы биік, көрнекті өкілдер шығарған. Соның ішінде Баубек Бұлқышевтің жарық көрген еңбектерін ерекше атуға болады. Сондай-ақ майдан журналистерінің ішінде З.Айтқожина, Т.Маткаримова, Р.Жанбекова сияқты үш әйел болған.
Конференцияға орай тарих ғылымдарының докторы, журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың тарихи-публицистикалық «Опаленная войной. Казахская фронтовая печать» кітабы жарық көрген. Аталмыш кітаптан майдан журналистикасының бұған дейін белгісіз болып келген мәліметтерін, мұрағаттық фотодеректер мен Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндеріндегі ұлттық публицистиканың үлгілерін көруге болады.