Алматыда Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған «Жеңіс. Естеліктер. Отаншылдық» атты Республикалық байқаудың қорытындысы жарияланды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда әл-Фәраби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған «Жеңіс. Естеліктер. Отаншылдық» атты Республикалық жасөспірімдер мен жоғарғы сынып оқушылары арасында шығарма жазу бойынша өткен байқаудың қорытындысы жарияланды,

         Алматыда Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған «Жеңіс. Естеліктер. Отаншылдық» атты Республикалық  байқаудың қорытындысы жарияланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикалық байқау 2009 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, наурыздың 31-не дейін өтті. Осы уақытқа дейін, арнайы құрылған қазылар алқасы еліміздің 13 аймағынан келіп түскен 267 шығарманың ішінен қазақ және орыс тілінде жазылған ең үздік 5 шығарманы таңдап алды. Ақмола, СҚО, ШҚО және Алматы облысының оқушыларынан көп шығарма келіп түсті, олар өте жақсы белсенділік көрсетті деп айтуға болады. Қазылар алқасын шығарма жазуда оқушылардың мұрағат материалдарын қолданып, тың деректерді ұсынғандығы, сонымен қатар, ардагер ата-әжелерінен сұхбат алып, тарихшылар білмейтін деректерді келтіріп жазғандығы, бір отбасының соғыс кезіндегі өмірі суреттеліп, киноға сюжет болатындай шығарманың жазылғандығы, сондай-ақ, орыс балалардың қазақ тілінде шығарма жаза білгендігі және жалпы барлық балалардың ізденімпаздығы қуантты. Мұндағы жаңа деректер біз үшін, тарих үшін де құнды. Сондықтан, біз алдағы уақытта ең үздік шығармаларды іріктеп, кітап басып шығаруды жоспарлап отырмыз», деді журналистика факультетінің БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасының доценті Гүлмира Сұлтанбаева.

Ол сонымен қатар, жастар өз шығармаларында тек Жеңіс күнін ғана емес, сонымен қатар сол аласапыран жылдардан хабары бар екендігін көрсетті. Олардың шығармаларын қатысушылардың Жеңіс күніне өз тарапынан қосқан үлесі деп білеміз. Бұл жастар бойындағы Отаншылдық қасиет», деп атап өтті Г. Сұлтанбаева. Оның айтуынша, байқаудың аясы Үкіметтік емес ұйымдардың қолдауының арқасында өте кең өткен.

Байқауда қазақ тіліндегі Тараз қаласының оқушысы Омарова Аягүлдің, Ақтөбе қаласының екі оқушысы Шамғонов Азамат пен Мүлкіманова Әйгерімнің және Батыс Қазақстан облысының оқушылары Қадырова Аягөз бен Құбаева Асылзаданың шығармалары ең үздік деп танылды. Ал, орыс тілінде БҚО-ның оқушысы Бүкежанова Нұргүлдің, ШҚО-ның оқушысы Наздрюхин Александрдің, СҚО-ның оқушысы Волошина Екатеринаның және Ақмола облысының оқушылары Кристина Софронова мен Садиева Динаның шығармалары үздіктер қатарына енді. Жүлдегерлердің барлығына сертификаттар мен арнайы тағайындалған сыйлықтар табысталды.

Байқау әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ЮНЕСКО кафедрасы мен Үкіметтік емес ұйымдардың Алматы Конфедерациясы «Әріптес» бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық демеушілігімен бірлесіп ұйымдастырылған.