Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ұлықтауға арналған «Көктемде ардагерлер жасарады» атты мерекелік шара өтті

АЛМАТЫ. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президентінің қоры Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнап, Ұлы Жеңіс күніне орай «Көктемде ардагерлер жасарады» атты мерекелік шара өткізді.
None
None

Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҚР Тұңғыш Президенті қоры ынтымақтасып қызмет атқарып жүрген «Казахстанская правда» газеті атындағы майдан клубының мүшелері шақырылды.

Тұңғыш Президент қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов ардагерлерді келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, өз тілегін білдірді.

Оның айтуынша, биылғы жылы қор ардагерлердің 5 кітабын жарыққа шығарған. «Алдағы уақытта тағы 5 кітапты шығаруды жоспарлап отырмыз. Біздің қор мұрағатында кезегін күтіп жатқан көптеген материалдар бар»,-деді ол.

Шара барысында ардагерлер сөз сөйлеп, мерекелік шараны ұйымдастырушыларға, сонымен қатар мемлекет пен әкімдікке ардагерлерді ұмытпай, әрқашан қолдау, қамқор көрсетіп отыратындықтары үшін алғыстарын білдіріп, тілектерін айтты.

Ал мектеп оқушылары, шығармашылық ұйымдар, ҰҚК Әскери институтының үрмелі оркестрі, танымал қазақстандық эстрада жұлдыздары концерт берді. Эстрада әртістерімен бірге ардагерлер мен қонақтар соғыс жылдарындағы сүйікті әндерін еске алды. Олардың орындауында «Қараңғы түн», «Катюша», «Көк орамал» сынды әндер шырқалды. «Бұл мәңгілік әндердің әуенімен соғыс ұмытылып, махаббат еске түсті. Бұл әндерді тыңдап жанымыз жасарды. Бұл әндер жеңіске жетуге рух берген болатын»,-деді шараға қатысқан ардагерлер.

Ұлы жеңіс батырлары үшін мерекелік дастархан да жайылды. Ардагерлер мерекелік күндерге жетпеген боздақтарды еске алды, арнайы дайындалған солдат ботқасынан ауыз тиді.

Шара барысында барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының атынан арнайы дайындалған сыйлықтар мен гүлдер, сонымен қатар, Дариға Назарбаеваның «Егер соғыс болмағанда» концертінің DVD-дискілері табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар