Алматыда Ұлы Жеңістің 65-жылдығына орай ескерткіш ашылды

АЛМАТЫ. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қаласындағы Алатау ауданында Ұлы Жеңістің 65-жылдығына орай мерекелік шара өтіп, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының жауынгерлеріне арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі болды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара барысында жаңадан ашылған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, сұрапыл соғыста қаза тапқандарға тағзым етілді.

Ескерткіштің ашылуына келген қала әкімі Ахметжан Есімов жұртшылықты, оның ішінде ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін 65-ші рет тойланғалы отырған мейрамдарымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Біз - келер ұрпақ, сіздердің ерліктеріңізді, елімізді фашистерден азат еткендеріңізді ешқашанда ұмытпаймыз. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы 65-жылдыққа арнайы шығарған үкімінің арқасында мейрамды кең көлемде Ел болып атап өтудеміз. Алматы қаласында да осыған орай көптеген шаралар ұйымдастырылуда, соғыс ардагерлеріне барлық жағдай жасалып жатыр. Бұл ескерткіш аудан бойынша бірінші рет ашылып отыр. Сіздерге бейбітшілік өмір мен еліміздің өсіп-өркендеуін тілеймін», деп атап өтті қала әкімі.

Аталмыш ауданда 91 - Ұлы Отан соғысының, 99 Ауған соғысының ардагері тұрады.

Мерекелік шара барысында ардагерлерге арнап арнайы әскери шатырлар тігіліп, мерекелік ас берілді.

Сонымен қатар, театрландырылған көрініс қойылып, ол эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Сондай-ақ ауданда орналасқан жедел мақсаттағы 55-72 әскери бөлімінің жеке құрамы мен Б.Момышұлы атындағы Республикалық әскери мектеп-интернаты түлектерінің саптық шеруі болды.

Соңғы жаңалықтар