Алматыда Universal Studios іспетті нысандар пайда болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» елеулі өзгерістерге ұшырайды. Бұл туралы Мәжілісте «Кинематография туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Заңнамамен «Қазақфильм» фильмдердің өндірісінде қалуын бекіткіміз келеді. Осыған дейін декорацияларды басқа жерлерде құратынбыз. Қазіргі кезде барлық декорацияларды «Қазақфильм» аумағында салып жатырмыз. Біздің мақсатымыз - «Қазақфильм» аумағын Лос-Анджелестегі «Universal Studios» сияқты деңгейге жеткізу. Сол декорация келешекте басқа фильмдерді түсіруге керек болатыны анық», - деп атап өтті А. Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар ол осындай қадам көрермендерді көптеп тартуға ықпал ететінін атап өтті.

«Туристердің, балалардың қызығушылығын арттырады. Мәселен, «Universal Studios» аумағындағы нысандарды аралауға барша әлемнен адамдар келеді. Сондықтан «Қазақфильм» аумағында бүкіл киноға байланысты декорацияларды қамтуды көздеп отырмыз. Біріншіден, «Қазақфильм» аумағы АЭА болғасын, аталған нысандарды тұрғызу арзанырақ түседі. Екіншіден, ол жерге музей салып, тиісті жағдай жасауымыз керек», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда А. Мұхамедиұлы заң жобасымен арнайы экономикалық аймақ белгілегеннен кейін, «Қазақфильм» аумағы сақталып, болашаққа қызмет ететінін жеткізді.

«Киноға жеке капиталды тарту есебінен, сондай-ақ шетелдік компаниялардың келуі, құрылыс, қызмет көрсету, ішкі әрі сыртқы туризм, қосымша жұмыс орындары, жаңа технологияларды тарту секілді маңызды салаларды дамытуға  мүмкіндік беріледі», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар