Алматыда ҰОС ардагерлеріне азық-түлік себеттері таратылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 9 мамыр - Жеңіс күніне арналған «Мәңгілік есімізде» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған Ұлы Отан соғысы мен тыл майданы ардагерлері, Ленинград қоршауында болғандар, сондай-ақ балалық шағы соғыс жылдарында өткен ардагерлер - барлығы 50-ден астам адам қатысты.
«Бүгінгі шараның басты мақсаты - Ұлы отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзып етіп, бүгінде арамызда жүрген ардагерлерімізге құрмет көрсету. Сол арқылы жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу. Ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру. Салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» деген секілді асыл қасиеттерімізді ұмытпау», - деді өө сөзінде бүгінгі шараны ұйымдастырушы ұйым - «Reliance» Қоғамдық қорының директоры Сәуле Алпысова.
Шара барысында Кәмшат Жолдыбаева, Нұрлан Абдуллин, Жан Ахмадиев секілді қазақ эстрадасының жұлдыздары, сондай-ақ, Алматы іргесінде орналасқан №38-ші мектеп-гимназиясының кадет сыныбының оқушыларының қатысуымен мерекелік концерт қойылды.
Шара соңында бүгінгі шараға қатысқан ардагерлерге арнап түскі ас беріліп, оларға азық-түлік себеттері және 5 000 теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді.
Айта кетелік, «Reliance» Қоғамдық қоры «Мәңгілік есімізде» қайырымдылық жобасын 7 жыл көлемінде жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда қордың еріктілері 150 ҰОС ардагерін өз қамқорлықтарына алған.