Алматыда ҰОС ардагерлерінің ұйымдастыруымен тазалық акциясы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 22 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Алмалы ауданы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудан аумағын санитарлық тазарту сенбілігі аясында «Ұрпақтар сабақтастығын сақтайық!» атты акция өтіп жатыр.
«Бүгінгі шара біздің аудан ардагерлерінің бастамасы. Акция отансүйгіштікті нығайтып, оңтүстік астанамыздың тұрғындарын қоршаған ортаға мейіріммен қарауға шақыру мақсатында арнайы ұйымдастырылып отыр. Бүгінде ауданымыздың ең жас ардагері 85 жаста. Жастарының ұлғаюына қарамастан біздің ардагерлер өз қалалары мен туған еліне деген ыстық ықыласының арқасында әлі де тынымсыз үлес қосуды борыш санайды»,- деді Алмалы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Зекен Әділбеков.
Шара барысында ардагерлер қала тұрғындарын сенбілікке қатысуға шақырды.
Қазіргі кезде Алмалы ауданында 357 Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен қатар, 3340 еңбек ардагері тұрады.