Алматыда урологтардың съезі өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Академик Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы мен Қазақстан урологтары ғылыми қоғамдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға жақын және алыс шет елдердің жетекші урологтары қатысуда.
Съезд шеңберінде Еуропалық урологтар мектебінің курсы және урологиялық саладағы орта медициналық қызметкерлер үшін білім беру семинары өтеді.
«Қазақстан урологтарының съезі және II Еуразиялық андрологиялық конгресс урология мен андрология саласындағы ғалымдар мен практикалық дәрігерлердің білімі мен тәжірибесін ықпалдастыру үшін алаң болып табылады. Ал, сезде талқыланатын урологиялық қызметті ұйымдастыру, зәр шығару жүйесінің инфекцияларын емдеу мен диагностикалауға қатысты жаңа әдістер, Қазақстанда лапароскопиялық урологияны дамыту мәселелері отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға және дәрігер мамандығының беделін арттыруға мүмкіндік береді», деді Урология институты директорының орынбасары Камалжан Надыров. Оның айтуынша, жеке клиникалық сала ретіндегі урология, өз кезегінде жаңа технологияларды енгізу арқылы бірқатар аурулардың емдеу тактикасын өзгертіп қана қоймай, көптеген урологиялық ауруларға қатысты емдеу-диагностикалық тактикаларды мүлдем жаңаша әзірлеп практикаға ендірген медицина саласының жарқын мысалы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара барысында өткізілетін Еуропалық урологтардың курсы - Қазақстан урологтарының білім алуы үшін бірегей мүмкіндік.