Алматыда үш көлік соқтығысып, адамдар зардап шекті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін түнде Алматы маңында шетелдік үш автокөлік соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 6-шы қыркүйекте, түнгі сағат 02:20 шамасында Іле жолы бойымен келе жатқан «Хюндай Акцент» маркалы автокөлік арақашықтықты сақтамағаны үшін бағыттас келе жатқан «Шевроле тракер» маркалы көлігімен соқтығысады.
Соққының ықпалымен «Хюндай акцент» көлігі жолдың қарама-қарсы бетіне шығып, оңтүстік бағытта келе жатқан «Тойота ипсум» автокөлігімен соқтығысады.
Жол апатының салдарынан «Хюндай акцент» жүргізушісі мен екі жолаушысы, «Шевроле тракер» автокөлігінің жүргізушісі дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді.
Бұл факт Түрксіб аудандық Полиция басқармасының қызметкерлерімен өндіріске қабылданды.