Алматыда үш мыңға жуық шетелдік автокөлік заңдастырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгінгі таңда үш мыңға жуық шетелдік автокөлік заңдастырылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Құлбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда үш мыңға жуық шетелдік автокөлік заңдастырылды

«Алматыда бүгінгі таңда үш мыңға жуық шетелдік автокөлік заңдастыру рәсімінен өтті. Күні кеше Алматыдағы төрт мамандандырылған ХҚО-да 125 көлік қазақстандық тіркеуге қойылды. Бұл ретте Экстерриториалдылық қағидасы қолданылады. Алматы қаласында тіркелген шетелдік көліктердің жалпы санынан 880 көлік 05 аймақтың (Алматы облысы), 475 – 08 аймақтың (Жамбыл облысы), 73 – 19 аймақтың (Жетісу облысы), 57 көлік – 13 аймақтың (Түркістан облысы) және т.б. аймақтардың нөмірлерін алды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасына әкелінетін шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы тапсырмасын іске асыру аясында жүргізілуде», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Құлбаев.

Еске салайық, 23 қаңтардан бастап Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары басталған еді.
Сондай-ақ, Алматыда шетелдік көліктерді заңдастыру шаралары Алматы қаласындағы №1 мамандандырылған ХҚО - Саялы шағын ауданы, Аққайнар көшесі, 1, №2 мамандандырылған ХҚО - Майлин көшесі, 85, №5 мамандандырылған ХҚО - Құлжа даңғылы, 9К, № 6 мамандандырылған ХҚО – Кемел шағын ауданы, Ақсуат көшесі, 118 мекенжайында жүргізілетінін хабарлағанбыз.