Алматыда үшем дүниеге келді - дәрігерлер күрделі ота жасады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында салмағы 1990, 1940 және 2200 грамм үш ұл бала дүниеге келді. деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ баспасөз қызметінің мәліметінше, балалар кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Операция күрделі болды. Отаны профессор, медицина ғылымдарының докторы, №2 акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі, 30 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер Сәуле Исенова жасады.

«Ұлдар жүктіліктің 34 аптасында дүниеге келді. Балалардың әрқайсысы өз ұрық қабығымен туды. Жатыр қуысынан шығарылғаннан кейін ғана ұрық қабығы ашылып, нәрестелер дүниеге келді. Шала туған сәбиді алудың бұл әдісі әртүрлі мүшелерде қан кетумен байланысты көптеген асқынулардың алдын алады. Операция бір сағаттан астам уақытқа созылды және сәтті өтті. Қазір ана өзін жақсы сезінеді», - деді ҚазҰМУ профессоры Сәуле Исенова.

Айта кетсек, жақында Сәуле Шайкенқызы осындай босандыруды қабылдаған. Үшем ЭКҰ ұрықтандыру жолымен дүниеге келді. Ота маусым айының соңында жасалды. Анасы мен балалары 2 аптадан кейін орталықтан шығарылды.



Соңғы жаңалықтар